Қонақтар орталықтың инфрақұрылымымен және жасанды интеллект саласындағы қазақстандық шешімдермен танысты.
Сапар БҰҰ ЭСКАТО-ның Сандық шешімдер орталығын құру жөніндегі Арнайы жұмыс тобының қызметі аясында өтті және 2024 жылғы қыркүйекте цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында басталған талқылаулардың жалғасы болды. Сол кезде Алматыда БҰҰ ЭСКАТО Өңірлік цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастама көтерілген болатын.
Мұндай халықаралық бастамалар Мемлекет басшысы белгілеген бағытты жалғастыруда. Ел үшін бұл жыл цифрлық дамудағы нақты қадамдар жылы: біз технологияларды дәйекті түрде енгізіп, инфрақұрылымды дамытып, экономика мен мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектінің қолданылуын кеңейтіп жатырмыз.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жасұлан Мәдиев кездесуге қатысушыларға Exponential Cluster тұжырымдамасын және саланы дамытудың кешенді тәсілін таныстырды.
«Біз жасанды интеллектіні институционалдық базадан бастап есептеу инфрақұрылымы мен кадрларды даярлауға дейінгі біртұтас экожүйе ретінде дамытып жатырмыз. Бұл тәсіл технологияларды жасап қана қоймай, оларды экономикаға, мемлекеттік басқаруға және әлеуметтік салаға енгізуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – AI-шешімдердің ауқымын кеңейтуді және олардың өңірлік деңгейде практикалық қолданылуын қамтамасыз ету. Біз халықаралық ынтымақтастық аясында тәжірибе алмасуға және технологиялық бастамаларды бірлесіп дамытуға ашықпыз», – деп атап өтті Жасұлан Мәдиев.
Сапар барысында делегацияға alem.ai негізгі кеңістіктері таныстырылды. Жасанды интеллект тақырыбымен танысу Сингулярлық мұражайынан басталды, онда AI эволюциясы – XVII ғасырдағы философиялық идеялардан бастап заманауи нейрожелілік және генеративті модельдерге дейін көрсетілген. Экспозиция заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін көрсететін интерактивті локацияларды қамтиды.
ЖИ-дің практикалық қолданылуы Smart City аймағында – ақылды мобильділік, энергетика және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы шешімдерді қоса алғанда, қалалық инфрақұрылымды басқару құралы ретінде ұсынылды. 180° проекциясы бар AI Cinema иммерсивті кинотеатрында делегация алғашқы қазақстандық технологиялық юникорн Higgsfield AI платформасында жасалған мазмұнмен танысты.
Жеке блок GovTech-шешімдерге, ғарыш саласындағы жобаларға және USTEM Foundation әзірлемелеріне арналды. Гуманоидты роботтар мен жасанды интеллект негізіндегі роботтандырылған жүйелер нақты уақыт режимінде түрлі тапсырмалардың орындалуын көрсетті.
Халықаралық нарықтарға бағытталған Astana Hub қатысушы-стартаптарына ерекше назар аударылды. Ұсынылған бастамалардың ішінде: Weglobal AI – мектеп психологтары мен кәсіби бағдар берушілердің жұмысын оңтайландыруға арналған ЖИ негізіндегі платформа; NCSpeech – жасанды интеллектіні оқыту үшін сапалы датасеттерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін орталықсыздандырылған AI-инфраструктура; AMAN – балалардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлер туралы жедел хабарлау және әрекет ету сервисі; Armeta AI – құрылыс жобаларын сараптамалық бағалауды және келісуді автоматтандырудың интеллектуалды платформасы; WONK – аналитика құралдары мен процестерді автоматтандыру мүмкіндігі бар мектепті басқарудың бірыңғай AI-платформасы.
Сапар халықаралық серіктестердің Қазақстандағы цифрлық шешімдерді дамытуға деген жоғары қызығушылығын және елдің жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық үшін өңірлік алаң ретіндегі әлеуетін растады.
Ақпарат көзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1173995?lang=ru